«Нашақорлық: мәселенің құқықтық қыры» әңгіме — диалог

22 шілде күні Шал ақын ауданының аудандық кітапханасының Құқықтық ақпарат орталығында Шал ақын ауданының Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында «Нашақорлық: мәселенің құқықтық қыры» тақырыбында «Жасыл ел» еңбек жасағының жастарына арналған әңгіме-диалог өтті. Іс-шараның мақсаты — жастар арасында есірткі заттарын қолдануға теріс көзқарас қалыптастыру, құқықтық сауаттылықты арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау. Кездесудің спикері Шал ақын ауданы полиция бөлімінің аға инспекторы, полиция лейтенанты Никита Васильевич Кособоков болды.

Ол жастарға есірткі құралдарын заңсыз сақтау, пайдалану және таратуға қатысты құқықтық жауапкершілік туралы айтып, Қазақстан Республикасы заңнамасының негізгі талаптарын түсіндірді. Сондай-ақ қызметтік тәжірибесінен мысалдар келтіріп, әр азаматтың жеке жауапкершілігіне, денсаулықты сақтаудың маңыздылығына және өмірлік дұрыс таңдау жасаудың қажеттілігіне ерекше тоқталды. Ашық диалог барысында жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нашақорлықтың жастар арасында таралу себептері мен оның алдын алу жолдары жөнінде пікір алмасты. Кітапхананың библиографы Қ.Ж. Аманжолова «Бүгінгі салдары» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасап, салауатты өмір салты, нашақорлықтың алдын алу және құқықтық жауапкершілік туралы әдебиеттерді таныстырды. Іс-шара соңында ол нашақорлықтың алдын алу ең алдымен ақпараттандырудан, өз денсаулығына жауапкершілікпен қараудан және заң талаптарын қатаң сақтаудан басталатынын атап өтті.
Іс-шараның қорытындысы ретінде «Жасыл ел» еңбек жасағының жастары есірткінің адамның өміріне, денсаулығына, отбасына және болашағына тигізетін зиянын бейнелейтін тәрбиелік мәні зор сахналық көрініс көрсетті. Қойылым көрермендерге терең әсер қалдырып, салауатты өмір салтын таңдауға үндейтін маңызды үндеу болды.

22.07.2026

Қараулар: 40