«Әйелдердің құқықтары: сұрақтар мен жауаптар» құқықтық сауаттылық сағаты

1 қазан күні Шал ақын ауданының аудандық кітапханасының Құқықтық ақпарат орталығында «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында Шал ақын ауданының Отбасын қолдау орталығымен бірлесіп «Әйелдердің құқықтары: сұрақтар мен жауаптар» атты құқықтық сауаттылық сағаты өткізілді.

Іс-шараның мақсаты: халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, әйелдердің құқықтары мен қадір-қасиетін құрметтеу мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ отбасында және қоғамда заңдылық пен қауіпсіздік қағидаттарын нығайту. Іс-шара барысында Отбасын қолдау орталығының заңгері Сулейменова И.Н. қатысушыларға Қазақстан Республикасының заңнамасында кепілдік берілген әйелдердің құқықтары, сондай-ақ олардың құқықтарын қорғау жолдары туралы айтып берді. Әйелдер мен ерлердің теңдігі, зорлық-зомбылық пен кемсітушіліктен қорғау, отбасылық және еңбек құқықтары, сондай-ақ ана болу және отбасы саласындағы әйелдердің құқықтарына ерекше назар аударылды.

Отбасын қолдау орталығының қызметкері Сагимбекова Д.Р. құқықтар бұзылған, жанжал туындаған немесе отбасында зорлық-зомбылық орын алған жағдайда заңгерлік және психологиялық көмек алу үшін қайда жүгінуге болатынын түсіндірді. Практикалық мысалдар келтіріліп, түрлі өмірлік жағдайларда әрекет ету алгоритмі бойынша ұсыныстар берілді.

Кездесу ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, маманнан білікті жауаптар алды. Іс-шара соңында библиограф Аманжолова К.Ж. қатысушыларға өздерінің заңды құқықтарын білу және қажетті жағдайда дер кезінде көмекке жүгінудің маңыздылығын еске салды және «Заң әйелдер құқықтарын қорғауда» атты кітап көрмесіне шолу жасады.


01.10.2026

Қараулар: 3