12 қараша күні Шал ақын ауданының Орталық аудандық кітапханасында Е. Бөкетов атындағы мектеп —гимназиясының 7-сынып оқушыларына арналған «Каталогтар мен картотекалар әлеміне саяхат» атты библиография күні өткізілді. Іс-шара жас оқырмандарды кітапхана каталогтары мен картотекаларымен, олардың мақсатымен және пайдалану ережелерімен таныстыруға бағытталды. Іс-шараның мақсаты: балалардың әдебиеттерді өз бетінше іздеу дағдыларын қалыптастыру, кітапхана каталогтары мен картотекалар жүйесімен таныстыру, оқырмандардың ақпараттық мәдениетін арттыру.
Қорды толықтыру және құжаттарды өңдеу бөлімінде кітапханашы И.Я. Портнягина жас оқырмандарға кітапханаға жаңа кітаптардың қалай келетінін және олар оқырмандарға ұсынылмас бұрын қандай жұмыстар атқарылатынын түсіндірді. Оқушылар кітаптарды қабылдау, тіркеу, есепке алу, өңдеу және кітапхана бөлімдеріне бөлу тәртібімен танысты. Сонымен қатар жаңа басылымдарды өңдеу, оларға түгендеу нөмірлерін беру, кітап карточкаларын рәсімдеу және мәліметтерді кітапхана каталогына енгізу үдерісі туралы мағлұмат алды. Балалар әрбір кітап оқырман қолына жеткенге дейін бірнеше кезеңнен өтетінін қызығушылықпен тыңдады.
Кейін библиограф К.Ж. Аманжолова оқушыларға алфавиттік және жүйелі каталогтардың не екенін, қажетті кітапты автордың тегі, шығарманың атауы және тақырыбы бойынша қалай іздеу керектігін түсіндірді. Оқушылар кітапхана қорының құрылымымен танысып, қажетті ақпаратты іздеуде каталогтар мен картотекалардың маңызын білді. Практикалық тапсырмалар оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Олар өз беттерінше кітап іздеп, каталог карточкаларын пайдалануды және кітапхана қорындағы басылымдарды табуды үйренді. Библиография күні аясында қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Т.В. Фогель «Оқитын ұлт» республикалық марафоны аясында ұйымдастырылған кітап көрмесіне шолу жасады.
Шолу барысында ол оқушыларды көрмеге қойылған көркем және танымдық әдебиеттермен таныстырып, ең қызықты кітаптардың мазмұны, авторлары мен басты кейіпкерлері туралы әңгімеледі. 7-сынып оқушыларының жас ерекшеліктері мен оқырмандық қызығушылықтарын ескере отырып, оқуға ұсынылатын кітаптарға ерекше назар аударылды. Кездесу соңында оқушыларды кітапты жиі оқуға, жаңа шығармалармен танысуға және «Оқитын ұлт» республикалық марафонының белсенді қатысушылары болуға шақырды.

12.11.2026
Қараулар: 10