Мерзімді басылымдар – бүкіл адамзат өмірінің айнасы. Көптеген журналдар мен газеттер адамдардың дүниетанымын кеңейтіп, көркемдік талғамын қалыптастырып, оқу мәдениетін дамытады, әлемде болып жатқан оқиғалар туралы өзекті ақпарат беріп, түрлі тақырыптардағы қызықты деректер мен жаңалықтарды жариялайды. Оқушыларды аудандық кітапхана жаздырып алатын мерзімді басылымдардың сан қырлы әлемімен таныстыру мақсатында 8 сәуір күні Қ.Салықов атындағы қазақ орта мектебінің 4 «А» сынып оқушыларына арналған «Жаңа мерзімді басылымдар: жаңа көзқарас» атты ақпарат күні өткізілді. Іс-шараға орай «Мерзімді басылымдар 2026: ең қызықты және танымдық» атты көрме-таныстыру ұйымдастырылып, онда кітапхана қорындағы газет-журналдар ұсынылды.
Журналдар әртүрлі қызығушылыққа сай таңдалып алынды: «Мир Техники», «Балалар әлемі», «Oyla», «Bala Bi», « Baldyrgan» және т.б. Библиограф Аманжолова К.Ж. газет-журналдардағы қызықты мақалалар көптеген сұрақтарға жауап табуға көмектесетінін айтып, оқушылар саясаттағы жаңалықтар, ғылым мен техника жетістіктері, әдебиет пен өнердегі жаңалықтар, табиғат құбылыстары туралы мәлімет ала алатынын түсіндірді. Оқушылар газет пен журналдың айырмашылығын біліп, олардың негізгі айдарларымен танысты. Сонымен қатар жергілікті «Парыз» және «Новатор» газеттері туралы ақпарат берілді. Көрмеге шолу жасалып, соңында «Бәрі туралы бәрі» атты викторина өткізілді. Кейін Қайырбай Жаркеновна оқушыларға кітапхана бөлімдері бойынша «Кітаптар әлеміне саяхат» атты танымдық экскурсия ұйымдастырды. Экскурсия барысында балалар кітапхананың құрылымы, пайдалану ережелері және оқырман болу жолдары туралы білді.
08.04.2026
Қараулар: 38