«Бүгінгі салдар» деректер мен оқиғалар тоғысы

2026 жылғы 16 шілдеде аудандық орталық кітапханада нашақорлықтың алдын алуға арналған «Бүгінгі салдар» атты деректер мен оқиғалар тоғысы өтті.

Іс-шараның мақсаты – жастардың өз денсаулығына саналы көзқарасын қалыптастыру, есірткіге тәуелділіктің алдын алу, есірткі заттарын қолданудың әлеуметтік және медициналық зардаптарына назар аударту, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттау.

Кездесуге Жастар ресурстық орталығының «Жасыл ел» еңбек жасағының белсенді жастары қатысты. Іс-шараны жүргізген кітапханашы Ю.Н. Золотарева әңгімені ашық диалог форматында ұйымдастырып, нақты деректер мен өмірлік оқиғаларды ұштастыра отырып, қатысушыларға нашақорлық мәселесінің өзектілігі мен қауіптілігін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.

Қатысушылардың ерекше қызығушылығын «Есірткісіз болашақ» атты кітап көрмесі тудырды. Көрмеде тәуелділіктің пайда болу себептері, оның адам денсаулығына, отбасы мен қоғамға тигізетін зияны туралы баяндайтын кітаптар, журналдар, медициналық және әлеуметтік зерттеулер ұсынылды. Сондай-ақ басылымдарда есірткіні қолданудың салдары, салауатты өмір салтының құндылығы және әр адамның өз болашағы үшін жеке жауапкершілігі туралы сенімді ақпарат берілді.

Іс-шара барысында қатысушылар статистикалық мәліметтермен танысып, есірткі заттары туралы кең таралған жаңсақ пікірлерді талқылады. Кездесу соңында олар бір ғана қателіктің өзі ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін деген ортақ қорытындыға келді.

16.07.2026

Қараулар: 73