«Кітапхананың ақпараттық ресурстары - жастарға» атты ақпарат күні

7 тамыз күні Шал ақын ауданының орталық аудандық кітапханасында «Кітапхананың ақпараттық ресурстары - жастарға» атты ақпарат күні «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының өкілдеріне арналды. Іс-шараның мақсаты - жас оқырмандарды кітапхананың заманауи ақпараттық мүмкіндіктерімен таныстыру, кітап пен оқуды насихаттау, сондай-ақ ақпаратты тиімді іздеу және пайдалану дағдыларын қалыптастыру болды.

Кездесу басында библиограф Қ.Ж. Аманжолова қатысушыларды кітапхананың қызметімен, кітап қорымен таныстырып, баспа және электрондық ақпараттық ресурстар, электрондық каталогтың мүмкіндіктері, кітапхананың анықтамалық-библиографиялық аппараты туралы жан-жақты мәлімет берді. Қатысушылар «Жаңа кітаптар – жаңа мүмкіндіктер» атты кітап көрмесімен танысты,  жаңа түскен әдебиеттерге шолу жасалынды. Көрмеде заманауи көркем әдебиет туындылары, ғылыми-көпшілік басылымдар, сондай-ақ жасанды интеллектке, цифрлық технологияларға және олардың түрлі салада қолданылуына арналған кітаптар ұсынылды.

Оқырмандар жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін, оның білім беру, ғылым, шығармашылық және күнделікті өмірге әсерін жан-жақты ашып көрсететін жаңа басылымдармен танысып, бұл тақырып үлкен қызығушылық туғызып, қызу пікірталасқа ұласты. Ақпарат күні аясында анықтамалық әдебиеттер әлемімен таныстыру мақсатында «Анықтамалық круиз» атты кітапханалық сабақ өткізілді. Қатысушылар анықтамалық басылымдардың түрлерімен танысып, энциклопедиялардың, сөздіктер мен анықтамалықтардың ерекшеліктерін білді, сондай-ақ түрлі ақпарат көздерін пайдалана отырып, қажетті ақпаратты іздеу тәсілдерін меңгерді. 

Іс-шара барысында «Анықтамалық әдебиет әлемі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, онда энциклопедиялық және анықтамалық басылымдар, түсіндірме, орфографиялық және тақырыптық сөздіктер, білімнің әртүрлі салаларына арналған анықтамалықтар қойылды. Қатысушылар анықтамалық әдебиеттердің сан алуандығымен танысып, оларды пайдалану ережелері туралы мәлімет алды және олардың оқу мен күнделікті өмірдегі сенімді көмекші екеніне көз жеткізді.

 

Аудандық кітапхананың бағдарламашысы Е.В. Ротькин қатысушыларға интернет желісінде ақпаратты қауіпсіз іздеу ережелері туралы ақпарат берді. Жас оқырмандар талқылауға белсенді қатысып, өздерінің қызығушылықтарын, білім деңгейін және заманауи цифрлық технологиялар саласындағы жақсы даярлықтарын көрсетті.

07.08.2026

Қараулар: 46