Шал ақын ауданының орталық кітапханасында Ғарыш күніне орай «Қазақстанның жұлдызды есімдері» атты фотобұрыш ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – оқушыларды Қазақстанның белгілі ғарышкерлерімен таныстыру, олардың өмірі мен жетістіктері туралы мәлімет беру және ғарышқа деген қызығушылықтарын арттыру. Іс-шараға Е.А.Бөкетов атындағы мектеп-гимназияның оқушылары шақырылды.
Қазақстанның көрнекті ғарышкерлері Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетовке арналған фотобұрыш мектеп оқушыларына олардың ерлікке толы ғарыш сапарлары, өмір жолы және отандық әрі әлемдік ғарыш ғылымының дамуына қосқан үлесі туралы білуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, ұшқыш-ғарышкерлердің кәсіби қызметінен қызықты деректер ұсынылды.
Кітапханашы Д.Р. Сағымбекова Шал ақын жері Ольгинка ауылының тумасы, ғарыш қаһарманы Александр Викторенконың туған жері екенін ерекше атап өтті. Кітап көрмесінде оның кітапханаға сыйға тартқан, ұшқыш-ғарышкердің қолтаңбасы бар «КСРО космонавтикасы» кітабы ұсынылды. Сонымен қатар, КСРО ғарышкері Валерий Быковскийдің есімімен байланысты қызықты дерек те айтылды. Ғарышкер ұшуын аяқтағаннан кейін Марьевка ауылы маңына (қазіргі Шал ақын ауданы) қонған. Оның есімі Сергеевка қаласындағы көшелердің біріне және ауданның бір совхозына берілген.Оқушылар Ғарыш күніне арналған викторинаға қызығушылықпен қатысты. Олар ғарыш, атақты ғарышкерлер және ғаламды игеруге байланысты тарихи оқиғалар туралы сұрақтарға жауап берді. Қатысушылар белсенділік танытып, тапқырлық көрсетті және жақсы білім деңгейін байқатты.
Іс-шара «Ғарыш қаһармандары және фантастика әлемі» атты кітап көрмесінің тұсаукесерімен аяқталды. Көрмеде ғарышты игеру туралы, сирек және көне басылымдарды қоса алғанда, сондай-ақ ғарыштық саяхаттар мен шытырман оқиғалар туралы фантастикалық әдебиеттер ұсынылды. Бұл көрме оқушыларға ғарыш тарихымен танысып, ұрпақтар сабақтастығын сезінуге және Қазақстанды әлемге танытқан ұлы есімдерден шабыт алуға мүмкіндік берді.
13.03.2026
Қараулар: 51