«Заң және тәртіп» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында 19 тамыз күні Шал ақын ауданының аудандық кітапханасындағы Құқықтық ақпарат орталығында «Отбасы заңмен қорғалған» тақырыбында құқықтық сағат өткізілді. Іс-шараның мақсаты — халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, отбасы мен бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген отбасы мүшелерінің құқықтары мен міндеттері туралы азаматтарға ақпарат беру. Кітапханашы Аманжолова К. Ж. отбасының адам мен қоғам өміріндегі маңызы, балалар мен ата-аналардың негізгі құқықтары, сондай-ақ отбасы мүшелерінің міндеттері туралы айтып өтті. Әсіресе баланың құқықтарын қорғау, ата-аналардың бала тәрбиесі мен оның әл-ауқатын қамтамасыз етудегі жауапкершілігі, сондай-ақ отбасындағы өзара сыйластық пен сенімді қарым-қатынастың маңыздылығына ерекше назар аударылды. Іс-шараның келесі спикері — Отбасын қолдау орталығының директоры Сагдиев Т. М. болды.
Ол қатысушыларды орталықтың қызметімен, оның негізгі жұмыс бағыттарымен және өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға көрсетілетін көмек түрлерімен таныстырды. Сонымен қатар отбасылық жанжалдардың, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың және кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне ерекше тоқталды. Қатысушыларға қиын өмірлік жағдай туындаған кезде, құқықтары бұзылған жағдайда немесе құқықтық және әлеуметтік көмек қажет болған кезде қайда жүгінуге болатыны түсіндірілді.
Отбасын қолдау орталығының қызметкері Сагимбекова Д. Р. отбасылық жанжалдардың алдын алу, зорлық-зомбылық пен балаларға қатысты құқық бұзушылықтардың профилактикасы туралы айтып берді. Өз сөзінде ол отбасында өзара сыйластыққа, сенімге және бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауға негізделген қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Іс-шара аясында «Қорқынышсыз өмір сүру құқығы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге отбасы құндылықтары, бала құқықтарын қорғау, заңнама және құқықтық сауаттылық мәселелеріне арналған әдебиеттер қойылды. Өз құқықтары мен міндеттерін білу, бір — біріне құрметпен қарау, бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау және қажетті жағдайда дер кезінде көмекке жүгіну — отбасының әл-ауқатын, тұрақтылығы мен қауіпсіздігін сақтаудың маңызды шарттары болып табылады.

19.08.2026
Қараулар: 13